Ұлттық электр торабына қосылу тәртібі

Қазақ

Қазақстанның Ұлттық электр торабына қосылу келесі құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады:

- станциялар мен энергия жеткізетін ұйымдар үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 210 бұйрығымен бекітілген «Электр желілік қағидалар» (бұдан әрі – ЭЖҚ).

- тұтынушылар үшін Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығымен бекітілген «Электр энергиясын пайдалану қағидалары» (бұдан әрі – ЭЭПҚ).

ЭЖҚ-ға сәйкес:

Энергия өндіруші немесе энергия жеткізуші ұйымдардың электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттар мынадай жағдайларда беріледі:

1) жаңа генерациялайтын қондырғыларды қосу;

2) қолданыстағы генерациялайтын қондырғылардың қуатын арттыру;

3) желіні пайдаланушылардың қуат беру схемасын өзгерту.

Желіні пайдаланушыларды электр желісіне 5 МВт және одан жоғары мәлімделген электр қуатымен қосуға арналған техникалық шарттар, жобалау қызметімен айналысуға лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымдары әзірлейтін «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» негізінде беріледі.

Жаңа электр қондырғыларын салуға және өзгертуге (қайта жаңарту, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу) арналған жобалау алды құжаттамасында «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» бөлімі қамтылған.

«Электр станцияларының қуатын беру схемасының» мазмұны осы ЭЖҚ-ның 3-қосымшасында көрсетілген.

«Электр станцияларының қуатын беру схемасы» желілеріне жалғану жоспарланған тиісті ұйыммен (энергия беруші және/немесе энергия өндiрушi), жүйелік оператормен («КЕGОС» АҚ) келісіледі. 

Жаңартылатын энергия көздерін тұтынатын пайдаланушылардың «Электр станцияларының қуатын беру схемасы» Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, әзірленеді.

«Электр станцияларының қуатын беру схемасы» келісілгеннен кейін желіні пайдаланушы желілеріне пайдаланушыны жалғау жоспарланған тиісті энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымға Қолданыстағы генерациялайтын қондырғыларына немесе жаңа генерациялайтын қондырғыларына арналған өтінімдер жібереді.

Желілеріне желіні пайдаланушыны жалғау жоспарланған энергия беруші (энергия өндiрушi) ұйым мыналар көрсетілген техникалық шарттарды береді:

1) техникалық шарттар берілген жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;

2) электр қуатын беретін объектінің атауы;

3) объектінің орналасқан орны (қала, поселке, көше);

4) электр станциялары қуатының келісілген мөлшері;

5) электр энергиясын өндіру сипаты (тұрақты, уақытша, мезгілдік);

6) электрмен қамтамасыз етудің сенімділік санаты;

7) электр станциялары қуатының рұқсат етілген коэффициенті;

8) жалғау схемасы ("кіру-шығу" схемасы, электр беру желісінен тарайтын тармақ, бөлу құрылғысының шинасына шағын станциялар мен электр станцияларды жалғау) көрсетілген жалғау нүктесі (шағын станция, электр станциясы немесе электр беру желісі);

9) жалғанатын электр беру желілеріне (бұдан әрі - ЭЖЖ) және шағын станциялардың жабдықтарына қойылатын негізгі техникалық талаптар;

10) жаңа электр станциясының пайда болуына байланысты қолданыстағы электр желілерін күшейту бойынша негізделген талаптар – сым қималарын ұлғайту, трансформаторлық қуатын ауыстыру немесе ұлғайту, бөлу құрылғының қосымша ұяшықтарын салу);

11) техникалық шарттарды беру себебі;

12) техникалық шарттар қолданысының мерзімі;

13) АСКУЭ қолданумен электр энергиясының коммерциялық есепке алуын ұйымдастыру бойынша талаптар;

14) электр станцияларын релелік қорғау және автоматика, диспетчерлік басқару құралдарымен жабдықтау бойынша талаптар: байланыс каналын телеөлшеу, телебасқару және ұйымдастыру;

15) реактивті қуаттылық өтемақысы бойынша талаптар.

Техникалық шарттар қолданысының мерзімі электр станциясының жобасы мен құрылысының нормативті мерзіміне сәйкес келеді.

Құрылысы басталған объектілердің техникалық шарттары қолданысының мерзімі оның қолданысы мерзімі біткенге дейін берілген электр станциясы иесінің өтініші бойынша ұзартылады.

Техникалық шарттар желіні пайдаланушы өтінімін берген күннен бастап екі күнтізбелік айдан аспайтын мерзімде беріледі.

«Электр станцияларының қуатын беру схемасын» жобалау алды, жобалық құжаттаманы әзірлеу, техникалық шарттардың іс-шараларын орындау желіні пайдаланушының қаражаты есебінен жүргізіледі.

Техникалық шарттар талаптары орындалғаннан кейін, қуатты қосу және беру схемасына сәйкес іске асырылған электр станциясының кешенді сынаулары жүргізіледі.

ЭЭПҚ -ға сәйкес:

Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым қосылу үшін техникалық шарттарды мынадай жағдайларда:

1) энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның электр желілеріне жаңа енгізілген немесе жаңартылған электр қондырғыларын қосқанда; 

2) тұтынылатын электр қуаты бұрын берілген техникалық шарттарда белгіленген қуаттан артқанда;

3) электрмен сырттай жабдықтау схемасы өзгергенде;

4) тұтынушының электр энергиясы қабылдағыштарын электрмен жабдықтау сенімділігінің санаты өзгергенде береді.

Тұтынушыға электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттар ЭЭПҚ-ның 1 қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінім негізінде беріледі.

Белгіленген қуаты 5 МегаВатт және одан жоғары электр құрылғылары бар тұтынушылар, өтінімге жобалау қызметімен айналысуға лицензиясы бар мамандандырылған жобалау ұйымы әзірлеген тұтынушының сыртқы электрмен жабдықтау схемасын қоса береді. 

«Тұтынушының сыртқы электрмен жабдықтау схемасының» мазмұны ЭЭПҚ-ның 2-қосымшасында келтірілген. Тұтынушының сыртқы электрмен жабдықтау схемасы желілерге қосу жоспарланған энергия беруші және/немесе энергия өндіруші ұйыммен келісіледі.

Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін төмендегі мерзімде жаңа енгізілген немесе жаңартылған электр қондырғыларын қосуға техникалық шарттар береді:

- қуаты 200 килоВатт (бұдан әрі - кВт) дейінгі электр қондырғыларына - 5 жұмыс күнінің ішінде;

- қуаты 200 кВт - 1000 кВт аралығындағы электр қондырғыларына - 10 жұмыс күнінің ішінде;

- қуаты 1000 кВт жоғары электр қондырғыларына - 15 жұмыс күнінің ішінде.

Салынып жатқан объектілерді электрмен жабдықтау үшін тұтынушыға құрылыс кезінде уақытша техникалық шарттар беріледі.

Техникалық шарттар энергия беруші ұйымның электрлік желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына қосылуға техникалық мүмкіндігі болған жағдайда беріледі.

Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін төлем алынбайды.

Электр қондырғылары тұтынушылардың электр желілеріне қосылатын қосалқы тұтынушылар тұтынушыға берілген техникалық шарттарды тұтынушыға техникалық шарттарды берген энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымымен келісіледі.

Энергия беруші немесе энергия өндіруші ұйымның техникалық шарттарды қосалқы тұтынушыларға тұтынушының келісімімен беруіне жол беріледі.

Тұтынушыны энергия беруші ұйымның электр желілеріне немесе энергия өндіруші ұйымның электр қондырғыларына жалғауға берілетін техникалық шарттарда мыналар көрсетіледі: 

1) техникалық шарттар берілген жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы;

2) электрмен жабдықтау объектісінің атауы;

3) объектінің орналасқан жері (қала, ауыл, көше);

4) электр тұтынуының рұқсат етілген қуаты;

5) электр энергиясын тұтыну сипаты (үнемі, уақытша, маусымды);

6) электрмен жабдықтауың сенімділік дәрежесі;

7) қуаттың рұқсат етілген коэффициенті;

8) қосылу нүктелері (шағын станция, электр станциясы немесе электр тарату желісі);

9) қосылатын электр тарату желілеріне (бұдан әрі – ЭТЖ) және шағын станциялар жабдығына қойылатын негізгі техникалық талаптар.

10) жаңа тұтынушының пайда болуына байланысты қолданыстағы электр желісін күшейту бойынша дәлелді талаптар – сымдардың қималарын ұлғайту, трансформатордың қуатын ауыстыру немесе көбейту, тарататын құрылғылардың қосымша ұяшықтарын салу;

11) техникалық шарттарды беру себебі;

12) техникалық шарттардың қолданылу мерзімі.

Егер энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымда, сондай-ақ тұтынушыларда жеке меншік құқығында электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматты жүйесі (бұдан әрі – ЭЭКЕАЖ) орнатылған трансформаторлық шағын станциялары болса, онда қосымша техникалық шарттарда төмендегі талаптар көрсетіледі: 

- ЭЭКЕАЖ қолданумен электр энергиясын коммерциялық есепке алуды ұйымдастыру;

- релелік қорғаныс пен автоматика, диспетчерлік басқару: телеөлшем, телебасқару мен байланыс каналдарын ұйымдастыру құралдарымен электр қондырғыларды жарақтандыру; 

- реактивті қуатты өтеу.

Техникалық шарттардың қолданылу мерзімі электр қондырғысын жобалау және салудың нормативтік мерзіміне сәйкес болады.

Құрылысы басталған объектілердің техникалық шарттарының жарамдылық мерзімі тұтынушының қолдану мерзімі өтпес бұрын берген өтініші бойынша ұзартылады.

Өтінім берілген қуаты 10 мегаватт (бұдан әрі – МВт) жоғары электр желісінің пайдаланушыларын электр беруші (электр өндіруші) ұйымның электр желісіне қосу техникалық шарттары жүйелік оператормен келісіледі. Өтінім берілген қуаты 1-10 МВт электр желісінің пайдаланушыларын электр таратушы (электр өндіруші) ұйымның электр желісіне қосу техникалық шарттарының көшірмелері бір айдың ішінде жүйелік операторға мәлімет үшін жолданады.

Бос және қол жетімді қуаттардың бар-жоғы туралы ақпарат

Ақмола ЖЭТ

Ақтөбе ЖЭТ

Алматы ЖЭТ

Батыс ЖЭТ

Шығыс ЖЭТ

Сарыбай ЖЭТ

Солтүстік ЖЭТ

Орталық ЖЭТ

Оңтүстік ЖЭТ